Алматыда иесі бар ит пен мысықтардың санағы жүргізіледі
Кілт сөздер Алматы санақ ит мысық Алматыда үй жануарларын санаққа алу, яғни идентификациялау жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы қалалық ауылшаруашылық және ветеринария басқармасы хабарлады. Енді иесі бар ит пен мысықтың барлығына микрочип салынатын болады. Осылайша Алматыда үй жануарларының цифрлық электронды деректері жинақталады. Микрочипте ит пен мысықтың түр-түсі, жасы, қожайынының аты-жөні түгел жазылады.
Бауыржан Абызбаев, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары: - Бірдейлендірудің негізгі мақсаты - Алматы қаласындағы жануарлардың, үй жануарларының нақты есебін анықтау. Бұл енді тендер бойынша өткізілетін іс-шара. Бірдейлендіруге 73 миллиондай ақша қарастырылған. Мамандар бұл бастама үй жануарын асырап отырған адамдардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады дейді. Өйткені микрочипте жүргізілген ветеринарлық ем-шаралар туралы ақпарат толық сақталады. Мархабат
Мадияров, қалалық қоғамдық кеңес жұмыс тобының мүшесі: - Адамға жұғатын аурулар ол жаңағы лептоспироз, құтырық және басқа жануарларға жұғатын ауруларға қарсы егіліп тұру керек. Үш айда бір рет іш құртын айдап отыру керек. Алматыда қаңғыбас иттердің мәселесі де өзекті. Жабайы және көшеде бос жүрген иттер ауланып, арнайы орынға қамалады. Іздеушісі келмесе үш күннен кейін көзі жойылады. Былтыр қалалық Ветеринария орталығының қызметкерлері 22 мыңнан астам итті ұстаған.
Жылкелді Тілесбаев, қалалық ветеринария орталығы директорының орынбасары: - Асырай аламын ғой дейді да алып келеді ол итті. Ертеңгі күні тамақ беру керек, асырау керек. Шамасы келмегеннен кейін оны алады да қаңғыртып жібереді. Содан мына қаңғыбас иттер пайда болады.
Алматы қаласында тіркелген 140 мың үй бар екен. Әр үйде өзіңіз білесіз 2-3 ит ұстайды. Иесі бар ит пен мысықтардың жөн-жосықсыз көбеюін азайту үшін залалсыздандыру жұмыстарына қала бюджетінен 117 миллион теңге бөлінген. Ал оларды бірдейлендіру шарасы алдағы 1-1,5 айдың ішінде қолға алынбақ. Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары санақ басталарда тұрғындарға қосымша хабарлайтын болады.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Айдар Әбдешов, Ғани Бекенов.
Источник: http://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/167625-almatyda-iesi-bar-it-pen-mysy-tardy-sana-y-zh-rgiziledi
13/03/2017